Жаңалықтар

Талғардағы зорлау, кісі өлтіру және бала ұрлау ісі: Басты айыпталушы 25 жылға сотталды

Талғардағы зорлау, кісі өлтіру және бала ұрлау ісі: Басты айыпталушы 25 жылға сотталды

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іске қатысты үш айыпталушыға үкім шығарылды. Сот басты айыпталушыға 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сілтеме жасап. 

Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Талғар іргесіндегі Қызылқайрат ауылында ер адам екі кәмелетке толмаған сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиенін ұрлап әкеткен болатын. Кейін арнайы жасақ баланы босатып, анасына тапсырды, күдікті ұсталды.

Қоғамдық резонанстан кейін баланың анасы бұған дейін айыпталушының зорлық-зомбылық жасағаны туралы полицияға хабарлағаны, бірақ ол кезде оның ұсталмағаны белгілі болды.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары Жандос Палманов, Гаһхар Сәриева және Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, істің басты фигурантына қауіпсіздігі орташа мекемеде 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Олардың дерегінше, кәмелетке толмаған екі сыбайласы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сот жәбірленушілердің азаматтық талап арыздарын ішінара қанағаттандырды. Басты айыпталушыдан марқұмның анасына, жұбайына және қарындасына 10 миллион теңгеден – барлығы 30 миллион теңге өндіріледі. Кәмелетке толмаған сыбайластарының әрқайсынан үш жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңгеден – әрбір сотталушыдан 15 миллион теңгеден өндіріледі", – деді адвокат Асылбек Әбдірайымов.

Бұған дейін прокурор басты айыпталушыны өмір бойына, ал кәмелетке толмаған екі сыбайласын 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Барлық жаңалық