💰 Экономика

Сұр нарықтың уақыты аяқталып келеді

Риелторлар қызметі алдағы уақытта мүлде басқа жүйемен жұмыс істей бастайды. Бұл мәселе бұрын көбіне мамандардың ішінде талқыланып жүрсе, енді бірінші рет үкімет деңгейінде қаралды. Ведомствоаралық комиссия риелторларды міндетті түрде өзін өзі реттеу жүйесіне өткізуге келісім берді. Отырысты Премьер Министрдің орынбасары және Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды. Осы шешім жылжымайтын мүлік саласында жаңа кезең басталатынын көрсетіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл реформаның көтеріліп, күн тәртібіне шығуына Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков ұзақ уақыт еңбектеніп келді. Ол парламенттік тыңдауларда да, түрлі жұмыс кеңестерінде де, салалық ұйымдармен кездесулерде де осы мәселені үзбей қозғады. Депутат риелторлық қызметтегі ретсіздікті жан жақты түсіндіріп, халықтың алдындағы тәуекелді ашық көрсетті. 

 «Жылжымайтын мүлік саласында ешкімге түсініксіз орта қалыптасты. Кез келген адам өзін риелтор деп таныстырып, комиссия алып жүр. Бұл азаматтар үшін қауіпті. Ереженің, ашықтықтың және жауапкершіліктің болуы маңызды», дейді ол. 

Комиссияның алдында 6 түрлі нұсқа ұсынылды. Оның ішінде лицензиялау да бар. Бірақ талқылаудан кейін өзін өзі реттеу жүйесі тиімді деген шешім қабылданды. Бұл модель мамандарды жинақтап, ортақ талап енгізуге, нарықтағы жауапкершілікті күшейтуге және қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытты депутаттың өзі де, Ұлттық риелторлар палатасы да қолдап келеді.

Отырыстың тағы бір маңызды шешімі қабылданды. Риелторлық қызметті бақылау ресми түрде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзыретіне берілетін болды. Бұған дейін сала бірнеше ведомствоның арасында қалып, нақты қадағалау болмаған. Енді бұл мәселе бір орталыққа жинақталады.

Депутат Құспеков бұл реформа уақытында келгенін айтты. Қазіргі таңда кез келген адам риелтор болып қызмет көрсете алады. Ол комиссия алады, бірақ клиент алдындағы жауапкершілігі анық көрсетілмеген. Сондықтан ол бірыңғай тізілім енгізуді, барлық риелтор қолдануы тиіс үлгі шарт бекітуді, этика ережесін жасауды, тәртіптік жүйе енгізуді, өтемақы қорын қалыптастыруды және міндетті сақтандыруды енгізуді ұсынды. Сонымен бірге ұлттық мультилистинг жүйесін құру да жоспарға алынған. Бұл жүйе сатылатын пәтер туралы мәліметті ашық көрсетеді.

Сарапшылар қазіргі ұсынылған өзгерістерді қолдап отыр. Олардың сөзінше, «Бір орталықтан реттеу орнаса, алаяқтық азаяды. Азаматтар риелторға сеніммен жүгінеді. Пәтер сату немесе сатып алу сияқты маңызды қадамдар бұрынғыдан қауіпсіз болады».

Комиссияның барлық қорытындылары енді «Риелторлық қызмет туралы» заң жобасына енгізіледі. Осылайша реформа нақты іске өте бастайды. Бұл өзгеріс жылжымайтын мүлік нарығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Барлық жаңалық