Көкшетау қаласында тұрғындар арасында қызу талқы тудырған жағымсыз оқиға орын алды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.
Қаланың жылы аялдамаларының бірінде мүгедектер арбасымен қозғалатын ер адамның қоғамдық орында дәрет сындырған сәті куәгерлер тарапынан видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрлар көпшіліктің наразылығын туғызып, желі қолданушылары бұл әрекетті қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды өрескел бұзу деп бағалады.Пікір қалдырғандардың басым бөлігі мұндай жағдайларға заң аясында шара қолдану қажет екенін айтып, жауапкершілікке тартуды талап етті.
Аталған жағдайға қатысты Көкшетау қалалық полиция басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, видеода бейнеленген азамат құжатпен расталған екінші топтағы мүгедек, мүгедектер арбасымен қозғалады.
«Аталған азаматтың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері (ұсақ бұзақылық) байқалады. Алайда ҚР ӘҚБтК-нің 71-бабына сәйкес, ауруына байланысты ол әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның денсаулық жағдайын бағалады. Қазіргі уақытта азамат бейімдеу орталығына орналастырылды», — деп хабарлады полиция.