Солтүстік Қазақстан облысында үш балабақша қызметкері қаза тапқан жол апатынан тағы бір әйел көз жұмды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Белгілі болғандай, 57 жастағы науқас бес күн бойы жансақтау бөлімінде емделгенімен, 20 қазан күні таңертең қайтыс болған. Бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Қайғылы оқиға 15 қазанда Жамбыл ауданындағы Кременчуг ауылы маңында болған. Бес көлік, оның ішінде екі КамАЗ жүк көлігі мен үш жеңіл автокөлік соқтығысқан. Audi көлігінде отырған үш әйел оқиға орнында көз жұмды. Кейін олардың балабақша директоры мен екі тәрбиеші екені анықталды.
Ауыр жарақат алған 57 жастағы жолаушы мен 20 жастағы жүргізуші ауруханаға жеткізілген еді. Әйел дәрігерлердің көмегіне қарамастан қайтыс болды. Ал жүргізуші қазір ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты.
Осылайша, жол апатынан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті. Полиция оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.