Жаңалықтар

СҚО-да түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы сотталды

СҚО-да түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы сотталды

Солтүстік Қазақстан облысы Ольшанка елді мекеніндегі №52 түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы Рүстем Рахметовқа қатысты сот үкімі шықты ozgeris.info сайты.

Іс материалдарына сәйкес, 45 жастағы экс-басшы жазасын жеңілдетуді сұраған сотталушыдан 200 мың теңге көлемінде қаражат талап еткен. Ол бұл ақшаны жоғары лауазымды тұлғаларға беремін деп алдап, шын мәнінде өз пайдасына жұмсамақ болған.

Алайда сотталған азамат Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Нәтижесінде 19 ақпан күні арнайы белгіленген ақшаны алу сәтінде Рахметов өз пәтерінде қолға түсті.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Петропавл қалалық сотының шешімімен оған 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол «әділет подполковнигі» арнаулы шенінен айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан шеттетілді.

Егер үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде айыппұл төленбесе, жаза бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, сот шешімімен одан мемлекет пайдасына 31 мың теңге сот шығындары және жәбірленушілер қорына 86 500 теңге өндірілді.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодардағы №45 түзеу мекемесінің басшысы да сотталған болатын.

Барлық жаңалық