Солтүстік Қазақстан облысында болған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан сегіз адам түрлі жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмаған балалар да бар, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жол апаты Петропавл–Көкшетау тасжолының Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mazda және Toyota Estima автокөліктері соқтығысқан. Toyota Estima көлігінде алты бала болғаны белгілі. Олардың барлығы дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Куәгерлердің айтуынша, соқтығыс салдарынан жүргізушілердің бірі көліктен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Сондай-ақ жеңіл көліктің қозғалтқышы ондаған метрге ұшып түсіп, екі көлік те қатты зақымданған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты салдарынан Mazda жүргізушісі мен Toyota Estima салонында болған жеті жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары мен өңір тұрғындары қалааралық жеке жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселесін тағы да көтерді. Олардың пікірінше, кейбір жүргізушілер көбірек табыс табу үшін күніне бірнеше рейс орындап, жылдамдықты асырады. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдаланып, мессенджерлер мен тасымалдау қосымшаларындағы хабарламаларға жауап беретін жағдайлар кездесетінін айтты.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға, қарсы бағытқа шықпауға және жолда барынша сақ болуға шақырды.