Биыл елімізде Жеңіс күнін небәрі 58 соғыс ардагері қарсы алады. Осыдан бір жыл бұрын ғана олардың саны 111 болатын. Қолына қару алып, қан майданды көзімен көрген батырлар қатары тым сиреп барады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Ардагерлердің басым бөлігі Алматы қаласында тұрады. Онда қазір 15 майдангер ғұмыр кешуде. Астанада жалғыз ардагер қалса, Шымкентте соғысқа қатысқан бірде-бір адам жоқ. Елдегі ең жасы үлкен қария биыл 105 жасқа толып отыр.
Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан өзге азаматтардың саны елімізде 33 мыңнан асады. Бұл санатқа тыл еңбеккерлері, концлагерь тұтқындары, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен майдангерлердің отбасылары кіреді.
Әлемдік деңгейдегі жағдай да осыған ұқсас. Түрлі деректер бойынша өткен жылы жер бетінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 100-150 мыңдай қатысушысы өмір сүрген. Адам жасының ұлғаюына байланысты биыл бұл көрсеткіш шамамен жиырма немесе отыз пайызға қысқаруы әбден мүмкін.
Жақын болашақта сұрапыл соғыстың нақты қалай өткенін айтып беретін тірі куәгерлер мүлдем қалмайды. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың шынайы тарихты қалай сақтап қалуы ертеңгі қоғамның қандай боларына тікелей әсер етпек.