Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету форматы тағы бір қадам алға жылжыды. Енді ата-аналар нәрестенің туу туралы куәлігін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ЦОН) бармай-ақ, Kaspi Postomat арқылы ала алады. Жаңа мүмкіндік туралы әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің назарын аударып, қызу талқылауға себеп болды, деп жазады Ozgeris.info Digitalbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Видеоны mado.shanabayeva есімді қолданушы жариялаған. Кадрларда ол баласының туу туралы куәлігін Kaspi Postomat арқылы алып жатқанын көрсетеді.
«Бұл – Қазақстан. Kaspi қосымшасы арқылы тапсырыс бердім, постоматтан алып кеттім. Ешқайда барып, кезекте тұрудың қажеті жоқ», дейді видео авторы.
Жарияланым қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинап, пікірталас тудырды. Көптеген қолданушы мұндай қызметтің бар екенін алғаш рет естігенін жазған.
Жас ата-аналарға үлкен жеңілдік
Пікір қалдырғандардың басым бөлігі бұл жаңашылдық әсіресе сәбиі жаңа туған отбасылар үшін өте қолайлы екенін атап өтті. Өйткені балалы болған алғашқы күндері ата-ананың уақыты да, мүмкіндігі де шектеулі болады. Бұрын туу туралы куәлік алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күту қажет еді. Енді бұл рәсімнің көп бөлігі онлайн форматқа көшті.
Кейбір желі қолданушылары бұрын құжат жоғалғанда немесе қайта рәсімдеу қажет болған жағдайда бірнеше мемлекеттік мекемеге барып, тұтас бір күнін жоғалтқанын еске алды. Сондықтан олар ресми құжатты постомат арқылы алу мүмкіндігін соңғы жылдардағы ең пайдалы цифрлық қызметтердің бірі деп бағалады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында әзілдеп пікір жазғандар да болды. Мәселен, бір азамат «осындай қызмет үшін үшінші бала туралы ойлануға болады екен» деп қалжыңдаған.
Сонымен қатар қазақстандықтар бұл тәжірибені басқа мемлекеттік қызметтерге де енгізуді ұсынды. Пікірлер арасында шетелдік паспорттарды беру, балабақша кезегіне өтініш тапсыру және өзге де құжаттарды постомат арқылы алу мүмкіндігін жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қызмет қалай жұмыс істейді?
Туу туралы куәлікті постомат арқылы алу үшін ата-аналар құжатты Kaspi.kz қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер сервисі арқылы рәсімдеуі қажет. Өтінім беру кезінде құжатты алу тәсілін таңдау мүмкіндігі ұсынылады. Сол жерде азамат өзіне ыңғайлы Kaspi Postomat орнын картадан белгілей алады.
Өтінімді мемлекеттік органдар мақұлдағаннан кейін дайын құжат таңдалған постоматқа жеткізіледі.
Kaspi.kz мәліметінше, құжат мақұлданғаннан кейін жеткізу мерзімі үш күнге дейін созылуы мүмкін. Туу туралы куәлік постоматқа жеткізілген соң пайдаланушының қосымшасына арнайы хабарлама келеді. Құжатты алу да өте қарапайым. Ол үшін Kaspi QR сервисін ашып, постомат экранындағы QR-кодты сканерлеу қажет. Осыдан кейін қажетті ұяшық автоматты түрде ашылады.
Құжат қанша күн сақталады?
Туу туралы куәлік постоматта үш күн сақталады. Егер ата-ана осы уақыт ішінде құжатты алып үлгермесе, сақтау мерзімін қосымша екі күнге ұзартуға мүмкіндік бар. Ол үшін Kaspi Гид қызметіне хабарласу жеткілікті. Ал белгіленген мерзім өткеннен кейін құжат автоматты түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберіледі. Қай орталыққа жеткізілгені туралы ақпарат қосымшада көрсетіледі.
Жүйеде тағы бір ыңғайлы мүмкіндік қарастырылған. Құжатты алуға екінші ата-ананы да уәкілетті тұлға ретінде көрсетуге болады. Егер ол Kaspi.kz қосымшасында тіркелген болса, жеткізу туралы хабарлама оған да келеді.
Қай қалаларда қолжетімді?
Қазіргі уақытта қызмет үш ірі қалада жұмыс істейді. Атап айтқанда, туу туралы куәлікті Kaspi Postomat арқылы Алматы, Астана және Шымкент тұрғындары ала алады. Компания өкілдерінің айтуынша, сервис алдағы уақытта басқа өңірлерде де кезең-кезеңімен іске қосылады.