Солтүстік Кипрдің Никосия қаласындағы «Metropol Market» супермаркетінде 22 жастағы Қазақстан азаматшасы Жанерке Әбдіразақоваға қастандық жасалды. Қазіргі таңда ауыр жарақат алған отандасымыз аса ауыр жағдайда жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
Жергілікті полицияның мәліметінше, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында болған. Белгісіз ер адам белгісіз себептермен бойжеткенге пышақпен тап беріп, кейін өзіне де жарақат салады. Екеуі де доктор Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Кейбір жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, шабуыл жасаған адам бойжеткеннің бұрынғы жігіті болуы мүмкін. Дегенмен, бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ, оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Ozgeris.info тілішісіне берген жауабында ҚР Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қатысуымен болған бұл оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар жергілікті құзыретті органдармен байланыс орнатып, мән-жайды анықтауда. Ресми ақпараттың түсуіне қарай қосымша мәлімет беріледі. Бұл мәселе ҚР СІМ-нің жеке бақылауында тұр.