Қоғам

Скляр қатысқан алқа отырысында көлік саласының жаңа жобалары талқыланды

Скляр қатысқан алқа отырысында көлік саласының жаңа жобалары талқыланды

Көлік министрлігі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен алқа мәжілісін өткізіп, саланың алдағы даму бағыттарын айқындады, деп хабарлайды ozgeris.info.

Отырыс барысында Роман Скляр жиынның елдегі саяси реформалар кезеңімен және жаңа Конституция жобасын әзірлеу процесімен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Ата заң қоғамның белсенділігін арттырып, саяси мәдениетті нығайтуға және мемлекетті сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Кеңесте ведомство өкілдері атқарылған жұмыстардың қорытындысын ұсынды. Теміржол саласында Достық–Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма желісі пайдалануға беріліп, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңғыртылды. Автожол бағытында 13 мың шақырымға жуық учаскеде жөндеу жүргізіліп, Қызылорда–Жезқазған трассасының бір бөлігі және Қалбатау–Майқапшағай бағыты толық аяқталды. Азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарға жақындап, әуежайлар 30 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті.

Биыл ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасады. Дарбаза–Мақтаарал және Мойынты–Қызылжар теміржол желілерінің құрылысы аяқталып, вокзалдар мен вагондар паркі жаңартылмақ. Автожол саласында 11 мың шақырым жол салу жоспарланған. Сонымен қатар Орталық–Батыс дәлізінің негізгі кезеңі басталып, Қарағанды–Жезқазған және Ақтөбе–Қызылорда бағыттарында құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Мультимодальды тасымалды арттыру мақсатында Ақтау мен Құрық порттарындағы айлақтар жаңартылып, теңіз түбін тереңдету шаралары қолға алынады. Әуе қатынасын дамыту үшін Астана мен Шымкентте қосымша ұшу-қону жолақтары салынып, бірқатар өңірлік әуежайлар жаңғыртылады. Сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар бой көтермек. Отандық әуе тасымалдаушылары тоғыз жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр.

Жиын соңында Роман Скляр саладағы жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Барлық жаңалық