Шымкент қаласындағы Magnum сауда желісінің бір дүкенінде күріш салынған контейнердің ішінен мысықтың нәжісі табылып, оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желілерде қызу талқылануда деп хабардайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіге тараған видеода сатып алушы әйел дүкен қызметкеріне контейнерді көрсетіп, «Айтыңызшы, мынау не?» деп наразылық білдіргені байқалады. Күтпеген жағдайдан дүкен қызметкері ғана емес, маңайда тұрған өзге сатып алушылар да абдырап қалған. Кадр барысында сауда залының ішінде еркін жүрген екі мысықтың көрінуі көпшіліктің ашуын да, күлкісін де қатар тудырды.
Оқиға қоғамда түрлі реакцияға себеп болды. Бірі азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын айтып, сауда желісін қатаң сынға алса, енді бірі жағдайды әзілге айналдырды. Алайда көпшілікті мазалаған басты сұрақ өзгерген жоқ: мұндай жағдай сауда залында қалай орын алды және оның қайталанбайтынына кім кепіл?
Оқиғаға байланысты Magnum сауда желісінің өкілдері ресми түсініктеме берді. Компания мәліметінше, түнгі уақытта тауар қабылдау кезінде көшеден екі мысық байқатпай дүкен ішіне кіріп кеткен. Ал жарма салынған барлық контейнерлер әдетте мөлдір қақпақпен жабық тұрады, алайда таңертең бір сатып алушы қақпақты ашық қалдырған.
Бейнебақылау жазбаларына сәйкес, дәл осы сәтте мысық контейнердің ішіне секіріп кеткен. Компания дерегінше, оқиға сағат 12:07-де болған, ал 12:09-да келесі сатып алушы салдарын байқап, мәселе бірден анықталған.
Оқиғадан кейін бүлінген күріш пен контейнер толықтай жойылып, дүкен ішінде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар барлық тауарға қосымша тексеру жасалғаны хабарланды.
Бұдан бөлек, Magnum өкілдері зооеріктілермен байланысқа шығып, оқиғаға себеп болған мысықтарды тауып, қамқор қолына беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытта жануарлар әлі табылмаған. Компания бұл жағдай өз тәжірибесінде алғаш рет тіркелгенін айтып, тауар қабылдау аймағы ашық болғандықтан, мұндай тәуекелдің барын жоққа шығармады және алдағы уақытта алдын алу шаралары күшейтілетінін атап өтті.