Шымкент қаласында тергеу органдарының қызметкеріне қатысты сот ісі аяқталды. 25 жастағы тергеуші алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Otyrar.kzке сілтеме жасап.
Еңбекші аудандық полиция басқармасында қызмет еткен жас тергеушіге қатысты үкімді қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот шығарды.
Сот үкіміне сәйкес, Айзат Тойлыбай ҚР Қылмыстық кодексінің 24 және 190-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқару құқығынан айырылды.
Сот дерегінше, өткен жылдың маусым айында тергеуші қылмыстық іске қатысы бар адамнан жауапкершіліктен босату үшін 600 мың теңге талап еткен. Ақшаны алу кезінде ол парамен ұсталды.
«Куәгердің арызы бойынша арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Ақшаның бір бөлігі химиялық затпен белгіленіп, арнайы бақылау астында берілді. Тексеру кезінде оның қалтасынан 200 мың теңге нақты ақша мен 400 мың теңге муляж табылды. Айыпталушы бұл қаражатты алғанын мойындады», – делінген сот материалдарында.
Сот отырысында бұрынғы тергеуші кінәсін толық мойындап, айыппұл салумен шектелуді сұраған. Алайда сот оның әрекетін қоғамға қауіпті деп бағалап, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.