💰 Экономика

Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды

Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды

Шымкент қаласында «Mooni Gold» атауымен қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар қолға түсті. Олар өздерін зергерлік бұйым сататын компания ретінде көрсетіп, адамдарға салған ақшасына ай сайын 20-30% табыс әкелетін «жоба» ұсынған. Тіпті салынған қаражаттың сақталатынына да кепілдік берген, деп жазады Ozgeris.info.

Алайда бұл жүйе классикалық қаржы пирамидасы болып шықты. Бұрынғы салымшыларға төлемдер жаңа келгендердің ақшасы арқылы жасалған. Яғни нақты бизнес болмаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл схемаға мыңнан астам адам сеніп, қаржысын салған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 500 миллион теңгеден асады.

Күдіктілер жиналған ақшаға құны 280 млн теңгеге жуық элиталық үй мен автокөлік сатып алған. Қазір бұл мүлікке сот шешімімен бұғат қойылды.

Тінту кезінде олардың үйінен 15 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақша мен 28 млн теңгеден асатын 67 түрлі алтын әшекей тәркіленген.

Тергеу жалғасып жатыр. Қаржы пирамидаларына алданып қалмас үшін, азаматтар уәде етілген табыс көлеміне емес, компанияның нақты қызметіне назар аударуы керек.

Барлық жаңалық