Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні Шымкент қаласындағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған деп хабарлайды Оzgeris.info.
Полиция мәліметінше, 40 жастағы қала тұрғыны алған жарақаттарынан көз жұмған.
Kozachkov Telegram-арнасының жазуынша, оқиға алдымен екі автокөліктің соқтығысуынан басталған. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, көп ұзамай оқиға орнына үшінші көлік тоқтаған. Одан түскен адамдар да қақтығысқа араласқан.
Нәтижесінде жаппай төбелес болып, оған шамамен он шақты адам қатысқан. Қақтығыс кезінде екі ер адам пышақ жарақатын алған. Олардың бірін белгісіз адамдар қала сыртына күштеп алып кеткен, кейін оның мәйіті табылған. Ал екінші зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.