Шымкент қаласы

Шымкентте жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған 8-сынып оқушысы көлік қағып көз жұмды

Шымкентте жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған 8-сынып оқушысы көлік қағып көз жұмды

Шымкент қаласында болған жол-көлік оқиғасы елдің қабырғасын қайыстырды. 28 қыркүйек күні түскі уақытта 8-сынып оқушысы Айару Әбдуәлі туысының үйіне бара жатып, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған сәтте Toyota маркалы көлік оны қатты жылдамдықпен қағып кеткен деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтемемен.

 

Куәгерлердің айтуынша, жол алдында өзге көліктер тоқтағанымен, бұл жүргізуші тежегішті баспай, қызды бар жылдамдықпен соғып өткен. Оқиға орнындағы бейнежазбада да көліктің жоғары жылдамдықпен келе жатқаны анық көрінеді.Қатты соққының салдарынан Айару ауыр ми жарақатын алып, бірнеше сүйегі сынған. Ол 14 күн бойы комада жатып, дәрігерлердің барлық көмегіне қарамастан, көз жұмды.

 

Марқұмның анасы Бақытгүл Оразбаева тергеу жұмыстарына наразылық білдіріп отыр. Айтуынша, қызын қаққан күдікті бастапқыда қамауға алынғанымен, бір тәуліктен кейін сот шешімімен үйқамаққа жіберілген.

 

«Менің қызымды өлтірген адам неге бостандықта жүр? Үйіме келіп, кешірім сұраған болып, қысым көрсетіп жатыр. Әділдік іздеп шаршадым», – дейді анасы.

 

Оның сөзінше, бейнежазбаны және куәгерлерді тергеушілерге өздері жеткізгенімен, іс бойынша нақты шаралар көрінбей отыр.

 

Шымкент қалалық полиция департаменті бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, қажетті тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.Алайда мұндай шешім марқұмның отбасы мен қоғам тарапынан наразылық туғызуда.

Барлық жаңалық