Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында кәмелетке толмаған қызды алып қашып кетіп, зорлады деген ақпарат тарады. Аталған жағдайға байланысты қалалық полиция департаменті тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.
Желіде тараған бейнежазбада қыз баланы белгісіз адамдардың күш қолдану арқылы көлікке отырғызып әкеткен сәті бейнеленген. Кадрларда қыздың қарсылық көрсетіп, көмек сұрағаны байқалады. Сонымен қатар, оқиға орнында үлкен жастағы әйелдердің болғаны көрінеді.
Зардап шеккен қыздың айтуынша, ол 17 жаста, Шымкент қаласында тұрады және студент. Оның сөзінше, өзін бұрын-соңды көрмеген адамдар күштеп алып кеткен. Қыздың ата-анасы бұл жағдайдан бейхабар болған. Ол өзінің кәмелетке толмағанын бірнеше рет айтқанына қарамастан, сөзіне құлақ аспағанын жеткізді.
Қыз болған оқиғадан кейін қашып шығып, анасының жанына барған. Қазіргі таңда ол құқық қорғау органдарынан әділ тергеу жүргізуді сұрап, көмекке жүгінуде.
Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іске қатысы бар барлық тұлғалар полицияға жеткізілген.
«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кез келген заңбұзушылыққа нөлдік төзімділік танытады», – делінген ресми хабарламада.
Құқық қорғау органдары тергеу барысы заң аясында жүргізілетінін атап өтті.