Шымкентте 14 жастағы 9-сынып оқушысы үй ауласындағы сарайдан асылған күйінде табылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жеткіншектің денесін жұмыстан келген анасы байқап қалған. Баланың жақындары оның қазасына мектептегі буллинг себеп болуы мүмкін екенін айтады. Айтуларынша, жасөспірім телефонында қоштасу жазбасын қалдырып, онда төрт сыныптасының есімін көрсеткен. Хабарламада: «Енді сендер мені ұра алмайсыңдар. Енді мені мүлде көрмейсіңдер» деген жолдар жазылған.
Марқұмның ағасына қайғылы оқиға алдында өзі қысым көріп жүргенін айтып, көмек сұрағаны да белгілі болды. Ол оқыған №32 мектептің әкімшілігі оқушылардың аты-жөнінің жазбада көрсетілгенін растағанымен, арада кикілжің болмағанын алға тартты.
“Мектепте оның қысымға ұшырағаны жайлы мәлімет жоқ. Жанжал не төбелес тіркелмеген, ешкім оны ұрып-соқпаған,” – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райхан Төлеева.
Қазіргі таңда полицейлер бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.