Шымкент мұнай өңдеу зауытында қайғылы оқиға орын алып, мердігер ұйымның екі қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
26 тамыз күні зауыт аумағында жұмыс барысында автокөтергіш құлап, салдарынан екі оқшаулаушы көз жұмғаны жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.
Бұл деректі “PetroKazakhstan Oil Products” ЖШС растады.
“26 тамыз күні сағат 14:30 шамасында оқшаулау жұмыстары кезінде автокөтергіш аударылып, мердігер ұйым – “КРС Астана” ЖШС-нің екі қызметкері қаза тапты. Қазіргі таңда оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда”, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Компания басшылығы марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты.