Шығыс Қазақстан облысында жол тазалау жұмыстарынан кейін техниканы тексеру кезінде "ҚАЖсервис" серіктестігінің жүргізушісі ауыр жарақаттан қаза тапты, деп хабарлайды YK-news.kz.
Северное ауылында "ҚАЖсервис" мекемесінің жүргізушісі жұмыс барысында көз жұмды. Жол тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін қызметкер арнайы техникаға қызмет көрсеткен. Осы сәтте ол ауыр жарақат алып, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері оны аман алып қала алмады.
Марқұм қызмет еткен отызыншы жол пайдалану учаскесі өңірдегі ең күрделі бағыттардың біріне жауап береді. Бұл мекеме Өскемен, Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағай және Рахман қайнарлары бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолға қызмет көрсетеді. Осыған дейін қолайсыз ауа райына байланысты аталған жолда қозғалыс шектеліп, ауа райы тұрақталған соң қайта ашылған болатын.
Қазіргі уақытта осы жағдайға байланысты қызметтік тергеу басталды. Арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр. Оқиға орнында құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері жұмыс істеуде. Сонымен қатар тиісті мемлекеттік органдарға және еңбек инспекциясына ақпарат берілді.
«Отбасына қолданыстағы заңнамаға және компанияның ішкі ережелеріне сәйкес қажетті материалдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі», – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.