Ақтөбе облысында теміржол бойында бензин құю кезінде өрт шығып, ауыр күйік алған жұмысшының қызы жанқайын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға 13 қазанда Қорғаныш орман екпелері дистанциясының өндірістік учаскесінде болған. Жұмысшылар 200 литрлік бөшкеде қалған АИ-92 бензинін басқа ыдысқа құйып жатқанда, кенеттен өрт шыққан. Екеуі де түрлі дәрежеде күйік алған.
Зардап шеккендердің бірі Жұбандық Дүйсенбаевтың денесінің 80 пайызы күйген. Қызы Алмагүл Қасымованың айтуынша, отбасы оқиға туралы бірнеше сағаттан кейін ғана білген. Ол әкесінің жүргізуші болып жұмыс істейтінін айтып, бензин құю тапсырмасы оның міндетіне кірмейтінін жеткізді.
Зардап шеккен азаматтың қызы Алмагүл Қасымова әкесінің қазіргі жағдайы туралы айтып, оның ауыр халде жатқанын жеткізді.
«Әкем қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Күйген, қасы, кірпігі жоқ. Көзі де күйген деп дәрігер айтып жатыр. Оттегімен және ауырсынуды басатын дәрінің көмегімен жатыр. Ол әлі сезбейді. Әкем күйген жоқ, тірідей пісті, шыбын жаны шырқырап», — дейді ол.
Алмагүлдің айтуынша, осыған ұқсас оқиға 2024 жылы да болған. Ол кезде әкесін жұмыс уақытынан тыс уақытта басшысы шақырып, көлге батып кеткен тракторды алып шығу үшін тағы екі адаммен бірге көлікпен барған. Алайда мұз жарылып, үш адам мінген көлік суға батқан. Салдарынан бір адам қаза тапқан.
Алмагүлдің сөзінше, сол оқиғаға қатысты іс жабулы күйінде қалып, әкесі жұмыстан шығарылған. Кейін оған уәде берілген соң, қайтадан жұмысқа қабылданған.
Ол қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан әкесі тағы да зардап шеккенін айтып, бұл жолы әділдік орнатуды талап етіп отыр.