Шығыс Қазақстан облысы

ШҚО-да орманда 3 адам жоғалып кеткен

Риддер қаласына жақын орналасқан “Березовая грива” орманында саңырауқұлақ теруге барған үш адам уақытында оралмай, із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды ozgeris.info сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Алдын ала мәліметке сәйкес, орманға 62 және 41 жастағы екі әйел мен 9 жасар қыз барған. Олар белгіленген уақытта туыстарымен кездесетін жерге келмеген соң, іздестіру жұмыстары басталды.

 

Құтқару шарасына полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылды. Оларға жаяу топтар, арнайы техника және дрон көмектесті.

 

Іздестіру нәтижесінде жоғалғандардың барлығы аман-есен табылды. Денсаулықтарына қауіп төнбегендіктен медициналық жәрдем қажет болмады. Әйелдер мен қыз бала туыстарына қайтарылды.

 

Осы оқиғаға байланысты полиция орманға шыққанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Алдын ала бағытыңызды және қайту уақытыңызды жақындарыңызға хабарлау, көзге бірден түсетін ашық түсті киім кию, толық қуатталған телефон, су мен азық-түлік алу ұсынылады. Сонымен қатар тек таныс жолдармен жүру және әсіресе балалармен жалғыз серуендемеу қажет.

Барлық жаңалық