Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Орталық өкілдерінің айтуынша, бұл мәлімет – фактілерді әдейі бұрмалау және қоғамды жаңылыстыруға бағытталған жалған ақпарат.
Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы Конституцияның 6-бабының 3-тармағында көрсетілген «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстар» туралы норма жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз сақталған. Аталған талаптарға ешқандай түзету енгізілмеген.
Сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бұл нормалардың өзгермейтінін ресми түрде растаған. Егер бұрын мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы туралы ережелер қорытынды және өтпелі қағидаларда қамтылса, жаңа Конституция жобасында олар конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген.
2026 жылғы 30 қаңтарда жарияланған жаңа Конституция жобасының 2-бабында: Қазақстан Республикасының егемендігі бүкіл аумағын қамтитыны; Мемлекеттің аумақтық тұтастығы, бөлінбеуі және оған қол сұғылмауы қамтамасыз етілетіні; Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтіні нақты көрсетілген.
Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы шетелдіктерге жер сатуға тыйым салудың күшін жою туралы мәлімдемелердің ешқандай құқықтық негізі жоқ екенін атап өтті.
Сондай-ақ орталық жалған және манипуляциялық ақпаратты тарату құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын мәліметтерді тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.