Павлодарда адам ағзасын сату әрекетінің жолы кесілді. Полиция қызметкерлері көрші елдің азаматшасын алдын ала төлем алған сәтінде ұстап, қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Мәліметтерге сенсек, шілде айының ортасында жедел уәкілдерге көрші мемлекет азаматшасының Павлодарға орган сату мақсатында келгені жөнінде ақпарат түскен. ІІМ мәліметінше, ол органды сату шарттары мен бағасын талқылағаннан кейін мәмілеге келуге келісімін берген.
"Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері арнайы жедел іс-шара жүргізіп, "сатушы" алдын ала төлем алу кезінде қылмыс орнында ұсталды. Аталған факті бойынша адамның органдары мен тіндерін заңсыз алуға қатысты баппен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, тергеу амалдарының толық кешені жүргізіліп жатыр", – деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов.
Ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, адамның органдары мен тіндерін заңсыз трансплантациялау, сатып алу және сату қатаң түрде тыйым салынғанын еске салды. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.