Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC-дегі жартылай орта салмақтағы жағдай туралы пікір білдірді деп хабарлайды Оzgeris.info.
UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов өз дайындығы мен жақын арадағы жоспарлары туралы айтып берді.
«Жаттығып жатырмыз, бабыма еніп келемін. Ақпанның басы немесе ортасы шығар. Егер бәрі жақсы болса, сол кезде ораламын деп ойлаймын», – деді Рахмонов.
Ол дивизиондағы жаңа жұлдыздарға да тоқталды:
«Иә, жаңа есімдер бар… бірақ жаңадан шықты деуге болмайды, олар бұрыннан бар, тек қазір өздерін керемет көрсете бастады: Пратес, Моралес – екеуі де әсерлі өнер көрсетті. Дегенмен айырмашылық жоқ, біздің дивизион өте қызықты, бәсеке жоғары. Сол себепті мұнда рейтинг жиі өзгереді – кім мықты, сол қалады», – деп атап өтті қазақстандық файтер.
Шавкат Рахмонов чемпион Ислам Махачевті де құттықтап, жақын арада олмен кездесуге мүмкіндік туады деп сенім білдірді.
Еске салсақ, Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде төртінші орында тұр. Ол соңғы рет октагонға өткен жылдың желтоқсанында шығып, ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген еді.