Спорт

«Шавкат оны жеп қояды»: америкалық сарапшы Шавкаттың Моралеске қарсы жекпе-жегі туралы пікір білдірді

«Шавкат оны жеп қояды»: америкалық сарапшы Шавкаттың Моралеске қарсы жекпе-жегі туралы пікір білдірді

 

Америкалық спорт блогері әрі сарапшы Мэтью Джордо қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов пен Эквадор өкілі Майкл Моралес арасындағы ықтимал жекпе-жекке қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Шавкат Рахмонов әлеуметтік желіде «19-0 қарсы 19-0» деген жазба жариялаған еді. Джордо бұл жазбаны қазақстандық спортшының Майкл Моралеске қарсы жекпе-жекке ишарасы деп есептейді. Америкалық сарапшы мұндай айқаста Шавкаттың жеңіске жететініне күмән келтірмейді.

«Шавкат бұл жігітті жай ғана "жойып жібереді" деп ойлаймын. Меніңше, Майкл Моралес UFC-дегі ең асыра бағаланған файтерлердің біріне айналды», — деді Джордо.

Оның пікірінше, Моралес проспект кезінде үлкен үміт күттіргенімен, техникалық тұрғыдан айтарлықтай мықты емес. Джордо Моралеске Ислам Махачев, Иэн Гэрри, Карлос Пратес және Шавкат Рахмонов секілді қарсыластарды жеңу қиын болатынын айтты. Сондай-ақ америкалық сарапшы оның Камару Усманнан да басым түсетініне сенімді емес екенін жеткізді.

Сөз соңында Джордо Шавкатты «Бугимен» деп атап, қазақстандық файтердің октагонға оралған соң әлемдегі ең үздік жартылай орта салмақтағы спортшы екенін дәлелдейтінін мәлімдеді.

Екі файтердің де кәсіби мансабындағы рекорды — 19-0. Сондықтан Рахмонов пен Моралес арасындағы ықтимал жекпе-жек UFC-дегі ең қызықты кездесулердің біріне айналуы мүмкін.

Барлық жаңалық