Түркістан облысының Шардара ауданында мешіт қызметкерлері арасында дау шықты. Қонар ата мешітінің азаншысы Жүніс Сартаев әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, ауданның бас имамы Марат Асановтың қызметтегі әрекеттеріне наразылық білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Orda.kz сайтына сілтемемен.
Сартаевтың айтуынша, бас имам мешіт жұмысына мүлде араласпайды және жамағат алдына шықпайды.
«Мен бұл мешітте азаншы болып бір жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін бас имамды мінберде бір рет те көрген жоқпын. Жұма намазын да өзі өткізбейді, уағызды сирек айтады. Көбіне кеңседе телефонына үңіліп отырады», — дейді ол.
Азаншының сөзінше, бас имам мешіттің садақа жәшігіне түскен қаражаттың бір бөлігін «мүфтиятқа жібереміз» деп, елден қосымша ақша жинайтын болған.
«Ай сайын жарық пен судың ақшасын жамағаттан жинап төлетеді. Ал неге жәшіктегі ақшаны пайдаланбайсыңдар деп сұрасақ, ашуланып, маған шәкірттерінің көзінше ұрысты. Бұл жағдай туралы облыстың бас имамына да хабарладым, бірақ нәтиже болмады», — дейді Сартаев.
Бұған қоса, ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына ашық үндеу жолдап, мешіттің абыройына нұқсан келтіретін, жамағатқа қысым көрсететін имамдарға шара қолдануды сұрады.
Оқиғаға байланысты ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі ресми мәлімдеме жасады.
«Аталған жағдайды әділ әрі объективті түрде қарау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазды. 2025 жылдың 6 қазанынан бастап ол лауазымынан босатылды», — делінген мәлімдемеде.
Қазір мешіттің қызметі қалыпты режимде жалғасып жатыр. Комиссия қорытындысы алдағы күндері жарияланбақ.