Ақтөбе облысы Шалқар қаласында топтық төбелесте қаза тапқан 17 жастағы жасөспірімнің әкесі облыс басшылығы мен полициядан істі әділ тергеуді талап етті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.
Марқұмның әкесі Жәнібек Әлиманов облыс әкіміне, прокурорға және полиция департаментінің бастығына арнайы үндеу жолдады. Оның айтуынша, биыл 20 наурызда ұлы Әлихан қала жастары арасындағы көптен бері тыйылмай тұрған қақтығыстың құрбаны болған.
«2026 жылдың 20 наурызында менің ұлым Әлихан қатыгез қылмыстың құрбаны болып қаза тапты. Мәселе мынада, Шалқарда көп жылдан бері кәмелетке толмағандар арасында аудан мен аудан төбелесу жиі болады. Бұл Шалқар тұрғындары үшін құпия емес. Қаншама жастар осындай қақтығыстардың құрбаны болды, бірақ төбелестер тоқтамай тұр. Қазір ұлымның өліміне әкеп соққан жанжалдың бірнеше күн бұрын басталғаны анықталып жатыр. Қылмыс орнына тұтас бір топ келген. Олардың бірі ұлымның жүрек тұсына пышақ салған. Жазадан қорыққан топ оқиғадан кейін қашып кеткен. Әлиханды жерде жалғыз тастап кеткен. Оның үстінен кездейсоқ өтіп бара жатқан адам түсіпті. Ол Әлиханды ауруханаға апармақ болған, бірақ балам дәрігерлерге жетпей жолда қайтыс болды», – деді Жәнібек Алиманов.
Жәбірленуші тарап қос жақтан 14-15 бала қатысқан төбелеске қарамастан тек бір ғана күдіктінің ұсталғанына шағымданды. Жәнібек Алиманов қалған қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілмегенін айтып, бұл істі алдын ала пышақпен қаруланған адамдар тобы жасаған аса ауыр қылмыс ретінде қарастыруды сұрады.
Сонымен қатар ол тергеу барысы туралы заңға сай хабардар етілуді талап етіп отыр. Марқұмның отбасына көңіл айтуға келген жүздеген тұрғын да жасөспірімдер арасындағы топтық қақтығыстарға қатты алаңдаулы екенін жеткізген.
Қайтыс болған жасөспірімнің туыстары 2019 жылы Шалқарда «Маяк» ауданының оныншы сынып оқушысы өлтірілгенін еске салды. Бұл жолы «Рабочий» ауданының тұрғыны сол «Маяк» жастарының шабуылынан қаза тауып отыр. Мектепті былтыр бітіріп, уақытша жұмыстар істеп жүрген Әлихан жақын арада әскерге баруды жоспарлаған екен. Ол мұғалім мен теміржолшының отбасында туған ортаншы бала, артында ағасы мен қарындасы қалды.
Оқиғаға қатысты Ақтөбе облысының полиция департаменті адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Олардың әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы полиция департаменті бастығының тікелей бақылауына алынған.