🌐 Әлем

Шабуылдан соң аман қалды: Иранның жаңа басшысының денсаулығы туралы тың деректер

Шабуылдан соң аман қалды: Иранның жаңа басшысының денсаулығы туралы тың деректер

Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасалды. Оның кеңсесі өкілдері көшбасшының жағдайы туралы алғаш рет егжей-тегжейлі ақпарат берді. Мәліметтерге сүйенсек, Хаменеи биылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылы кезінде зардап шеккен деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Үкіметтік кеңестердің үйлестірушісі Мазахер Хоссейнидің айтуынша, соққы кезінде жарылыс толқыны Хаменеиді құлатып жіберген. Ол тізесі мен арқасынан жарақат алып, құлақ тұсынан аздап тілінген. «Құлақ артындағы тілік тюрбанның кесірінен көрінбейді, арқасы жазылып кетті, ал тізесі жақын арада қалпына келеді»,- деп түсіндірді Хоссейни.

Сондай-ақ Иран тарапы американдық БАҚ таратқан «басынан ауыр жарақат алды» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Билік өкілі Хаменеидің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және ол мемлекеттік істермен, соның ішінде келіссөздермен белсенді айналысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, дұшпан күштер көшбасшы туралы ақпаратты қастандық жасау мақсатында жинауға тырысуда.

Айта кетейік, Моджтаба Хаменеи биыл наурыз айының басында елдің үшінші жоғарғы көшбасшысы болып сайланған болатын. Бұған дейін ол әкесі Әли Хаменеидің кеңсесін басқарып, маңызды саяси делдал ретінде танылған еді. Бұған дейін БАҚ беттерінде оның «аяғынан айырылды» немесе «ішкі құрылысы зақымданды» деген сынды түрлі қауесеттер тараған болатын.

Барлық жаңалық