Актриса Дариға Бадықова актер Олжас Абайдың үйленуге қалай ұсыныс жасағаны туралы ашық айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында екеуінің қарым-қатынасы бірден махаббатқа ұласпағанын атап өтті.
«Басында бәрі әдемі болмайды. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Екі талантты, екі мінезді, өз әлемі қалыптасқан, өз талғамы бар, екеуі де “сен тұр, мен атайын” деп тұрған адамдарға қиын болды. Жалпы, біз кездескен күннен бастап бірден ғашық болған жоқпыз. Тек жұмыс, түсірілім деп жүрдік. Күнде ұрысып қалатынбыз. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын. Жылдар өте, уақыт өте келе эмоцияны ақылға сала бастадық.
Айтуынша, олар бірін-бірі жақсы көре тұра, екі жаққа кетуге де тырысқан.
«Екеуміз сәл ренжіссек, Олжас сақина, сырға, түрлі гүл сыйлайтын. “Енді ұрыспайық” дейтін. Ер адамға тән қадамдар жасайды. Оқырмандарым “тіпті бір-біріңізден отписка жасаған кездеріңіз болды ғой” деп жазып жатыр. Иә, бала сияқты бір-бірімізді блокқа жіберетінбіз. Бізге махаббат оңай келген жоқ. Үйленеміз деген шешім де бірден қабылданбады. Жауапкершіліктен қорқып та жүрдік. Бір күні отырып сөйлестік. “Болды, осымен тоқтатайық” дедік. Екі жаққа кеттік. “Қой, құрсын, өз-өзімізді қолға алайық” деп, сылтау іздедік. Бірақ өзімізді қолға ала алмай жүрген адамдар сияқты.
Актриса қиындықтарға қарамастан, соңында махаббат жеңгенін атап айтты.
«Бір-біріне өмірді қалай сүру керегін, махаббаттың қандай болатынын, қиындық болса бірге болуды үйреткен, бір-біріне ауадай қажет адамдар үшін бұл қиынның қиыны болды. Басқа да проблемалар болды. Сонымен, екеуміз екі қалада жүрдік. Балиден Дубайға ұмытуға сылтау іздеп ұштым. Дубайдан қайтатын уақыт болды. Таңертең хабарлама келіпті. “Дариға, қалайсың? Қашан қайтасың?” деп жазыпты. Жауап бермедім. Екі сағаттан кейін “Сені әбден сағындым” деп жазды. Маған да керегі сол еді. Билет алып, ұшып келдім. Келген күні осы сырғаны алып, “Үйленейік” деді. Міне, өткен тарих», – деп жазды актриса.