Сарыөзек гарнизонында әскери қызметші абайсызда өз-өзін атып жіберген. Бұл ақпаратты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды
Ozgeris.info.
Басылымның ведомство өкілдеріне сілтеме жасап мәлімдеуінше, әскери қызметші қару-жарақ қолдану ережесін сақтамау салдарынан оқ жарақатын алған.
"2 қыркүйекте Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қару-жарақты қолдану ережесін бұзу салдарынан оң қолынан жарақат алды. Әскери қызметші Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді", - делінген хабарламада.
Хабарламадан қазір әскери қызметшінің денсаулығы бірқалыпты екені мәлім болды.
"Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - дейді Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі өкілдері.