Қазақстанда мерзімді қызметтегі сарбаздар мен курсанттарға казарма ішінде смартфон қолдануға рұқсат етілді, деп хабарлайды Ogzeris.info сайты.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі қарулы күштерде ұялы телефонды пайдалану ережесіне арнайы өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Бұрын әскерилерге тек түймелі телефонды қатаң белгіленген уақытта ғана ұстауға рұқсат етілсе, енді олар смартфондарын жатын орындарына кіргізіп, тек өшірулі күйде ғана сыртқа алып шыға алады.
Сарбаздар байланыс құралын өз бөлімшесінің ішінде, сондай-ақ медициналық бөлімдер мен госпитальдарда еркін қолдана алады. Телефонды пайдалану тәртібі мен уақытын бөлімше командирлері анықтайды. Бұл әдетте әскери қызметшілердің жеке бос уақытында жүзеге асады және оқу-жаттығу дайындығына кедергі келтірмеуі керек.
Қорғаныс министрлігі бұл жаңашылдық сарбаздардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, туыстарымен тұрақты байланыста болуы үшін жасалғанын хабарлады.