Журналист Вадим Борейконың мәліметіне сүйенген адвокат Диас Ахметов Алматы қаласының тергеу соты белсенді Санжар Боқаевты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
«Санжардың жақын туыстары кепілгер болуға ниет білдіргенімен, одан нәтиже шықпады», – деді адвокат.
Қорғаушының сөзінше, сот қаулысынан кейін Боқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Алматы қаласы бойынша тергеу изоляторына жабылған.
Бұған дейін Бас прокуратура Санжар Боқаевтың Алматы қаласында ұсталғаны туралы ресми ақпарат таратқан еді. Тергеу органдарының мәліметінше, қоғам белсендісі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар ол заңсыз ағаш кесу үшін адамдарға арнайы ақша төлеп, кейін сол заңсыздықтарды видеоға түсіріп, контент жасады деп айыпталып отыр.