Қаржы министрлігі салық төлемей жүрген танымал блогерлерге шындап кірісті. Ведомствоның мәліметінше, елдегі 854 блогер өз табысы туралы салық есебінде 72 миллиард теңгені аз көрсеткен, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ескерту алғаннан кейін олардың жартысына жуығы 394 адам 11,8 миллиард теңге салық төледі. Алайда қалған 438 блогер заң талабын орындамаған. Енді Қаржы министрлігі осы блогерлерге қатысты тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
Министр Мәди Такиев бұл туралы кулуарда сөйлеген сөзінде нақты жеткізді:
«Бұл блогерлерге ескерту жіберілген. Алайда олар салықты әлі төлеген жоқ. Сондықтан біз оларға қатысты тексеріс жүргіземіз. Бәрі өз салығын 2026 жылдың 31 наурызына дейін төлеуі керек», деді министр.
Сонымен қатар министр белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің де онлайн тойдан тапқан табысына салық төлеуі тиіс екенін айтты. Бұған дейін желіде тараған ақпараттарда Майғазиевке қомақты қаражат түскені туралы жазылған еді. Еске салсақ, ақпан айында санаулы блогер ғана табысын заңды түрде жариялап, салық төлегені белгілі болған. Дегенмен кейіннен жарияланған деректерге сүйенсек, жүздеген блогер барлығы 256 миллиард теңге көлемінде салық төледі.