Қоғам

Саясаттағы шоу-бизнес: Аша Матай мен Тамара Асардың кандидатурасы туралы толығырақ

Саясаттағы шоу-бизнес: Аша Матай мен Тамара Асардың кандидатурасы туралы толығырақ

Әсіресе Аша Матайдың журналистердің заң жобалары туралы сұрағына нақты жауап бере алмауы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, кандидаттардың заң шығару қызметіне дайындығы туралы мәселені күн тәртібіне шығарды. Сонымен қатар оның құрылтайға сайлауға түскісі келетінін "жүрегімнің қалауы" деуі де көпшілік тараптан негатив әсер берді.

«Мәселе әнші болуда емес...»

Бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып заңгер Мейірман Шекеев пікір білдірді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі үндеуінде:

«Заң шығаратын орган – адамның жеке қалауымен баратын орын емес. Бұл – халықтың қалауымен барып, халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін жер», - деді.

Кейін ол Аша Матайды ашық пікірталасқа шақырып:

«Мен 26 жылдан бері заң саласында еңбек етіп келемін. Соның өзінде барлық заңды толық оқып шықтым деп айта алмаймын. Блогер Жан мен Аша Матайды бірге ашық дебатқа шақырамын. Қолдайсыздар ма?», - дейді.

Шекеевтің ұстанымы өнер адамдарының саясатқа келуіне қарсылықтан гөрі, заң шығару қызметінің кәсіби сипатына қатысты. Оның пайымынша, заң қабылдайтын адамның құқықтық дайындығы қоғам үшін маңызды.

«Халықтың әл-ауқатын көтеру – ән айту емес»

Журналист Риза Тұрдақынқызы да бұл тақырыпқа үн қатып, мәселені саяси партиялардың жауапкершілігі тұрғысынан қарастырды. Facebook-тегі жазбасында ол:

«Тамара Асар деген әншіге дұғай сәлем жолдаймын! Біріншіден, саяси партиялардың басты мақсаты – саяси бәсеке. Сондықтан көппартиялы жүйе болады. Саяси бәсеке жоқ жерде саясат та жоқ. Екіншіден, халықтың әл-ауқатын көтеру – ән айту емес! Мұндай маңызды проблеманы жеңілдету – ең сыпайысы ұят! Ең ауыры – сайлаушыңызды мазақтап тұрғанмен тең. Бұл сізге саясаттанудан кіріспе сабақ менен. Бұл жолы тегін...», - деп жазды.

Журналистің пікірінше, партиялар танымал адамдарды ғана емес, мемлекеттік басқару мен заң шығару ісіне дайын кадрларды ұсынуға басымдық беруге тиіс. Оның ойынша, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін танымалдық жеткіліксіз, нақты саяси бағдарлама мен кәсіби дайындық қажет.

Тамара Асар: «Кандидат деген – депутат болды деген сөз емес»

Өз кезегінде Тамара Асар өзіне айтылған сынға бұған дейін жауап берді. Әнші саясатқа келу туралы шешімі қоғамға қызмет ету ниетінен туғанын айтып:

«Әр адамның жүрегінде елге пайда, қоғамға қызмет жасағысы келетін саяси сұраныс бар», - деді.

Сонымен қатар ол:

«Кандидат деген – 100 пайыз депутат емес. Мерзімінен бұрын асығыс пікір білдіру – өзге емес, өзіңе жасаған қиянат», - деп қоғамды сайлау нәтижесін күтпей тұрып түпкілікті баға бермеуге шақырды.

Сарапшылар не дейді?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан қарау керегін айтады. Оның түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасы депутаттыққа үміткердің мамандығына талап қоймайды. Яғни заң тұрғысынан әнші, дәрігер, мұғалім немесе кәсіпкердің депутаттыққа түсуіне ешқандай кедергі жоқ. Сонымен бірге ол партиялардың танымал тұлғаларды тізімге енгізуі әлемдік тәжірибеде жиі қолданылатын саяси технология екенін атап өтеді: мұндай адамдар партияның бағдарламасын кең аудиторияға жеткізуге көмектеседі. Бірақ партиялық тізімге ену автоматты түрде депутат мандатын алады дегенді білдірмейді.

Ал заңгер Нұрғазы Әнуарбековтің пікірінше, партиялар әншілер мен блогерлердің көпшілік алдындағы танымалдығы мен әлеуметтік желідегі аудиториясын электоралдық ресурс ретінде пайдалануға ұмтылады. Бірақ мұндай тәсіл қоғамның сенімін әрдайым күшейте бермейді. Оның айтуынша, сайлаушылар бүгінде кандидаттың танымалдығымен қатар кәсіби құзыретіне де мән бере бастады.

Мәселе неде?

Бұл дау өнер адамдарының саясатқа келу құқығына қатысты емес. Конституция да, сайлау туралы заң да депутаттың міндетті түрде заңгер болуын талап етпейді. Сондықтан Аша Матай мен Тамара Асардың кандидат болуы – заңды құбылыс.

Алайда қоғам көтеріп отырған сұрақ басқа: заң шығаратын органға баратын адамның заңмен жұмыс істеуге дайындығы қандай? Ол заң жобаларын талдап, мемлекеттік бюджетті қарап, Үкіметтің жұмысына бақылау жасай ала ма?

Біздің сұрақ

Жалпы өнер адамының депутаттыққа баруы өздігінен «үлкен мәселе» емес. Парламент тек заңгерлерден құралмауы керек. Қоғамның мәдениет, білім, медицина, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік және басқа салалардағы тәжірибесі де заң шығару барысында ескерілуі қажет. Аша Матай Құрылтайға өтсе, мәдениет саласын, балаларға арналған сапалы анимациялық өнімдерді және денсаулық сақтау мәселелерін көтергісі келетінін айтқан. Тамара Асар аяқ-қолынан айырылған азаматтарды протездеу мәселесіне назар аударуға ниетті екенін жеткізді.

Бұл бағыттар қоғам үшін, әрине, маңызды. Бірақ депутаттық бастама жалпылама ниетпен шектелмеуге тиіс. Мәселен, балалар анимациясының сапасын арттыру үшін кандидат қандай заңға өзгеріс енгізуді ұсынады? Мемлекеттік тапсырыс жүйесі өзгере ме? Контентті қаржыландыру мен сараптау тәртібі қандай болады? Протездеуге қатысты мәселе көтерілсе, мемлекеттік сатып алу, медициналық стандарт, оңалту қызметі немесе бюджет көлемінің қайсысы қайта қаралуы керек?

Аша Матай мен Тамара Асардың кандидатурасы төңірегіндегі пікірталас дәл осы мәселеге назар аудартты. Бір тарап әр азаматтың саясатқа келуге құқығы бар екенін айтса, екінші тарап депутаттық мандат ең алдымен жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететінін алға тартады. Сондықтан аталмыш талқылаудың түйіні бір ғана сұраққа келіп тіреледі: партиялар сайлаушыға танымал тұлғаларды ұсынып отыр ма, әлде заң шығару жұмысына дайын кәсіби кадрларды ұсына алды ма? Бұл сұраққа түпкілікті жауапты 23 тамыздағы сайлау нәтижесі ғана емес, сайланған депутаттардың кейінгі жұмысы да береді.

 

Барлық жаңалық