Көпшілікке Найман есімімен белгілі қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов TikTok-тағы тікелей эфир кезінде шектен тыс дөрекі пікірлер айтып, елдің наразылығын туғызды, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Стрим барысында спортшы «Мони» есімді қолданушымен сөйлесіп отырып, оның сырт келбеті мен жеке қасиеттеріне қатысты ауыр сөздер айтқан.
Эфир кезінде Қуат Найман қыздың тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірін кемсітіп, сабағы, кәсібі, дене бітімі және болашағы туралы жағымсыз болжамдар жасап, оны ашық түрде масқаралаған.
«Түріңе қарап сені бай деп ойлауы мүмкін. Күйеуге тиген соң не істейсің? Сабақ оқымағансың, тамақ істей алмайсың. Түрің анық емес. Алдағы бес жылда түрің менікіндей болып кетеді. Қалай жұмыс істейсің? Жас қыздар көп болғандықтан сенен массажды ешкім алмайды. Қарының үш бала туған әйелдікіне ұқсайды…» – деп спортшы қыздың намысына тиетін сөздерді тоқтаусыз айтқан.
Қуат Хамитов оған болашақ жары да ештеңеге қабілетсіз болады деп қосып, жеке басына тіл тигізуді жалғастырған. Ал эфирдегі қолданушы оған қарсы ешқандай жауап қайтармаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қуат Хамитов футбол саласын да сынға алып, «Қазақстанда футбол үлкен бизнеске айналып, халық 30 жылдан бері зиян шегіп келеді» деген мәлімдеме жасаған болатын.