🏛️ Саясат

Руслан Берденов кетті…

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов лауазымынан өз еркімен кетті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info. 

40 жастағы Берденов бұл қызметті 2025 жылдың ақпанынан бері атқарып келген. Бұған дейін ол Мәжіліс депутаты болған. Кейінгі айларда шенеунік денсаулығына байланысты еңбек демалысында жүрген еді.

Берденов есімі көпшілікке биыл сәуір айында орын алған атышулы оқиғадан кейін жақсы таныс. Сол кезде әкімдік ғимаратының алдында оған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиембай бес рет оқ атқан. Берденов жамбасынан және иығынан жараланып, жедел ота жасалған. Әлі күнге дейін оңалту кезеңінен өтіп жатыр. 

Соттың шешімімен Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Үдеріс барысында ол өз әрекетін қызғанышпен және жеке жанжалмен байланыстырған. Айыпталушы Берденов өкілетін асыра пайдаланды, ар-намысына тиді, тіпті әйеліне қырындады деп мәлімдеді.

Ал Берденов бұл айыптауларды түбегейлі жоққа шығарды. Ол Жиембайдың әйелімен таныс еместігін айтып, қажет болса, полиграф арқылы да дәлелдеуге дайын екенін жеткізді.

 

 

Барлық жаңалық