Танымал Roblox ойыны туралы әлеуметтік желілерде қорқынышты ақпараттар пайда болды. Дабыл қаққан хабарламадарда аталмыш ойын балалар үшін қауіпті екені айтылған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға арнайы ескерту жариялады. Ведомствоның мәлімдеуінше, қаскөйлер ойыншы кейпіне еніп, балалардың сеніміне кіреді. Кейін оларды жабық чаттарға тартып, заңсыз әрекеттерге итермелейді екен. Түрлі зерттеулер мен журналистер де дәл осы платформаның зияны туралы жазып жатыр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпқа шолу жасайды.
Roblox – миллиондаған қолданушылары бар алып онлайн-платформа. Ойыншылардың 40 пайызға жуығы 13 жасқа толмаған балалар. Көрсеткішке қарап сарапшылар қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Зерттеушілер алаңдатарлық жайттарды жайып салды. Балалар зорлық-зомбылық, балағат сөздер, тіпті сексуализацияланған контентке тап болуы мүмкін. Бұған қоса, ойын барысында ересектермен танысады. Кейін олар Discord, Snapchat сияқты қосымшаларға шақырып, кқылмысқа дейін барған деректер де тіркелген.
Bloomberg Businessweek өткен жылы сұмдық жайтты жариялады. Ол кезде Roblox арқылы құрбанын алдап, өз қармағына түсірген. Кейін құрбанын ұрлап әкетіп, бірнеше рет зорлық көрсеткен қылмыскердің ісі баяндалды. Ол платформаның танымал қауымдастығында беделді ойын жасаушы ретінде танылып, сол мәртебесін балаларды арбау үшін пайдаланған. Мұндай оқиғалар ата-аналардың құлағына алтын сырға. Ойын жай ғана ермек емес, оның артында қауіп болуы мүмкін.
2025 жылы Луизиана штатының Бас прокуроры Лиз Мёррилл Roblox компаниясына қарсы сот ісін қозғады. Айыптау қорытындысында компания балаларды қорғауда дәрменсіздік танытып, қылмыскерлердің әрекетіне көз жұма қарады, ал мыңдаған қолданушылар заңсыз контент саудасымен айналысып, кәмелетке толмағандарды арбады делінген. Roblox ресми түрде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект сүзгілерін, модерацияны және жас шектеулерін қолданатынын айтқан. Десе де, сарапшылар мұның жеткіліксіз екенін, ата-ана тарапынан қатаң бақылаусыз платформа қауіпсіз болмайтынын атап өтті.
Баланы қорғау үшін ата-анаға ұсынылатын шаралар
Бірінші кезекте, баланың аккаунтындағы жас көрсеткішінің дұрыс екенін тексеру қажет. Параметрлерде жеке хабарламаларды, чаттарды және сатып алуларды өшірген жөн. Баламен бірге ойнап, күдікті жағдайларды бірге талқылаған пайдалы. Егер бейтаныс біреу күдікті хат жаза бастаса, ойынды бірден тоқтату керек. Сонымен қатар, басқа қосымшаларға көшуге жол бермей, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін қайта-қайта түсіндірген абзал.
Балаларға мына әрекеттерге қатаң тыйым салынуы тиіс:
-жеке деректерді (аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы туралы мәліметтер) жариялау;
-Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілердегі қауіпті топтарға және анонимді чаттарға кіру;
-ата-ананың тексеруінсіз күмәнді онлайн-ойындарға қатысу.
Ата-аналарға көмекші құрал ретінде Android құрылғыларында Family Link, ал iOS жүйесінде Screen Time қосымшаларын пайдалануға болады. Бұған қоса, баланың достар тізімін, әлеуметтік желілердегі жазылымдарын және онлайн байланыстарын жүйелі түрде бақылап отыру ұсынылды. Әсіресе, түсініксіз таңбалары бар, иероглифтерден немесе оғаш суреттерден тұратын анонимді профильдерге ерекше назар аудару қажет.
Ата-ананың қырағылығын қажет ететін белгілер
Егер бала дұрыс ұйықтамаса, түнде жиі шошып оянса; денесінде түсіндірілмеген жарақаттар пайда болса; тұйықталып, ашушаңдық көрсетіп, сөйлесуден қашқақтаса; агрессивті не депрессивті видеоларды көріп, мазмұны түсініксіз үрейлі суреттерді салса елеусіз қалдыруға болмайды.
Сарапшылардың пікірінше, балаға ең сенімді қорғаныш – ата-ана махаббаты. Баланы интернеттегі қауіптен қорғаудың ең басты жолы – ата-ана мен бала арасындағы сенім. Баланың эмоционалды жағдайын мұқият бақылап, онымен жиі сөйлесіп, күнделікті өміріне қызығушылық таныту керек. Бала ата-анасына кез келген уақытта келіп, ойын ашық айтып, көмегіне жүгінуге болатынын сезінуі маңызды.