Қоғам

Ресейге жұмысқа кеткен қазақ жігітін алдап соғысқа жібермек: әпкесі дабыл қақты 

Ресейге жұмысқа кеткен қазақ жігітін алдап соғысқа жібермек: әпкесі дабыл қақты 

Шымкент тұрғыны Сымбаттың айтуынша, оның 20 жасқа енді толатын інісі Айнабек Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткен. Алайда туыстарының сөзінше, жас жігітке басқа құжаттарға қол қойдырылып, кейін оны Украинадағы соғыс аймағына жіберуге дайындық басталған,деп хабарлайды Ozgeris.info

Айнабектің жақындары оның қазір Луганск маңындағы 58198 әскери бөлімінде болуы мүмкін екенін айтады. Жігіт туыстарына WhatsApp арқылы бірнеше рет хабарласып, «2-3 күнде алып кетпесеңіздер, соғысқа жіберу басталып кетті» деп көмек сұраған.

Туыстарының мәліметінше, Айнабектің жанында тағы бірнеше қазақстандық жас бар. Олардың да Ресейге жұмысқа барамыз деп келіп, кейін әскерге қатысты құжаттарға қол қойғаны айтылуда.

Айнабектің әпкесі Сымбат әлеуметтік желіде жағдайды жариялап, құзырлы органдардан көмек сұрады. Оның айтуынша, 2006 жылы туған інісі жақында ғана Қазақстанда әскери борышын өтеп келген.

«Күзетші болып істейсіңдер» деп Ресейге алып барып, алдап құжаттарға қол қойғызған. Қазір соғысқа жіберуге дайындалып жатыр», – деп жазды Сымбат.

Қазір отбасы жағдайды шешу үшін құзырлы органдарға хабарласып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол мәселені мемлекеттік деңгейде қарауға шақырып, журналистер мен қоғам белсенділерінен ақпараттық қолдау сұрады.

Барлық жаңалық