Қоғам

Ресей Navai-дың ұсталуына байланысты Қазақстанға нота жолдады

Ресей Navai-дың ұсталуына байланысты Қазақстанға нота жолдады

Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы рэпер Navai-дың Қазақстанда ұсталуына байланысты Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне дипломатиялық нота жолдады. Ресей тарапы өз азаматына қатысты жағдайға ресми түсініктеме беруді сұраған, деп хабарлайды Оzgeris.info ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бас консулдықтың баспасөз қызметі дипломатиялық нота жіберілгенін растаған. Сондай-ақ Ресей өкілдері оқиғаның барысын бақылап отырғанын мәлімдеді. Алайда Қазақстан тарапының нотаға берген жауабы әзірге жарияланған жоқ.

Navai лақап атымен танымал ресейлік рэпер Наваи Бакиров 13 қазанда Қазақстанға кірген кезде «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Операцияны полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жүргізген.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, орындаушы мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген. Осы дерек бойынша есірткі контрабандасы және оны заңсыз сақтау күдігімен тергеу басталған.

Кейін рэпер екі ай мерзімге қамауға алынған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық