Лондонның «Челси» клубы ресми Instagram парақшасында қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтбаевтың қатысуымен жарияланған видео аз уақыт ішінде әлеуметтік желіде кеңінен тарап, миллиондаған қаралым жинады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қазіргі таңда роликті 20 миллионнан астам адам тамашалаған. Осылайша, ол клубтың Instagram-дағы ең танымал жарияланымдарының біріне айналып отыр.
Дастан Сәтбаев түскен видеоны қолданушылар ерекше белсенді талқылауда. Бүгінде жарияланымға 250 мыңнан астам пікір жазылып, «Челси» парақшасындағы комментарий саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. Мұндай көрсеткішке әлемдік футбол жұлдыздары қатысқан көптеген видеолардың өзі жете бермейді.
Сонымен қатар роликке 1 миллионға жуық лайк басылып, 100 мыңнан астам рет бөлісілген.
Салыстырмалы түрде айтсақ, маусымаралық кезеңде клубтың бас бапкері Хаби Алонсоның алғашқы жаттығуы жарияланған видео 14 миллион қаралым жинаған еді.
Ал «Челси» Instagram парақшасындағы қаралым бойынша абсолютті рекорд өткен маусымда Жоао Педроның «Ноттингем Форест» қақпасына қайшылай соққан голының видеосына тиесілі. Аталған жарияланым бүгінге дейін 64 миллион қаралым жинаған.