📰 Сарапшылар пікірі

«Рейтингтің жоғарылауы – сенім авансы»: сарапшы S&P бағасының Қазақстан үшін маңызын түсіндірді

«Рейтингтің жоғарылауы – сенім авансы»: сарапшы S&P бағасының Қазақстан үшін маңызын түсіндірді
S&P рейтингінің жоғарылауы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалармен тікелей байланысты және мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы мен кредиттік қабілетінің нығайғанын көрсетеді. Мұндай пікірді саясаттанушы Борис Поломарчук білдірді, деп жазады Ozgeris.info
 
Сарапшының айтуынша, халықаралық инвесторлар белгілі бір елге қаржы салу туралы шешім қабылдағанда ең алдымен инвестицияның қауіпсіздігіне және мемлекеттің болашақ даму перспективасына назар аударады. Ал халықаралық рейтингтер осы тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді.
 
«Халықаралық инвесторлар қандай да бір елге қатысты шешім қабылдағанда прагматикалық дүниелерге мән береді: инвестиция қаншалықты қауіпсіз, елдің болашақтағы перспективасы қандай? Рейтингтер осы мәселелерді бағалауға көмектеседі. Рейтингтің өзі капиталды автоматты түрде тарта алмайды. Бірақ ол елге қатысты күмән мен сақтықты айтарлықтай азайтады. Инвестор қандай да бір жобаны егжей-тегжейлі зерттеуге кіріспей тұрып-ақ Қазақстан жоғары сенім деңгейіне ие болады. Сондықтан бұл – экономикалық өсімнің табыстылығы мен тұрақтылығын, бюджет көрсеткіштерінің жақсарғанын, айтарлықтай резервтердің барын және прагматикалық фискалдық саясатты тіркеген тәуелсіз әрі салмақты баға екенін атап өткен жөн. Ал «Тұрақты» болжамы халықаралық қауымдастық үшін маңызды белгі. Жалпы, әлем Қазақстанды мол ресурсы бар ел ретінде ғана емес, экономикалық күйзелістерден тұрақтылығын сақтай отырып өте алатын, беріктік қоры жоғары мемлекет ретінде қабылдай бастады», – деді Борис Поломарчук. 
Саясаттанушы халықаралық рейтингтердегі Қазақстан көрсеткіштерінің біртіндеп жақсарып келе жатқанына назар аударды.
 
Оның пікірінше, S&P бағасы мемлекеттің тұрақтылығы мен кредиттік қабілетін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі.
 
«Рейтингтер тұрақты түрде жарияланып отырады және Қазақстанның көрсеткіштері өсіп келеді. S&P рейтингі мемлекетіміздің тұрақтылығы мен кредиттік қабілетін тікелей көрсетеді. Бұған цифрлық сервистердің дамуын да қосуға болады: Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің арасында 24-орында және онлайн қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Басқа рейтингтерде де еліміз айтарлықтай жоғары орындарға ие. Әрине, бұлар – әдістемелері әртүрлі индекстер. Дегенмен жалпы көрініске қарасақ, Қазақстанға берілетін сыртқы баға бірден бірнеше бағыт бойынша тұрақты түрде жақсарып келеді. Олар – қаржылық тұрақтылық, цифрлық даму, қауіпсіздік және инвестициялық тартымдылық», – деді сарапшы. 
Поломарчуктың пікірінше, мұндай көрсеткіштер халықаралық аренада Қазақстан туралы неғұрлым тұтас түсініктің қалыптасуына ықпал етеді. Еліміз енді тек табиғи ресурстары немесе тиімді географиялық орналасуы арқылы ғана емес, технологияларды дамытып, қауіпсіздікті нығайтып және шетелдік инвестицияларды тартып отырған мемлекет ретінде де қабылдана бастады.
 
Сарапшы S&P рейтингінің жоғарылауын елдегі реформалармен тікелей байланыстырады. Дегенмен рейтингтің өсуін реформалардың толық аяқталғанын білдіретін көрсеткіш ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті.
 
«Рейтингтің өсуі реформалармен тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Алайда рейтингтің өзі реформалардың сәтті аяқталғанын растайтын сертификат емес. Оның жоғарылауы – таңдалған бағыттың нәтиже беріп жатқанын мойындау. Рейтинг агенттіктері елде болып жатқан өзгерістерді және олардың экономиканың тұрақтылығына, сондай-ақ мемлекеттің ел ішіндегі және сыртқы серіктестер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетіне қалай әсер етіп жатқанын бағалайды», – деді Борис Поломарчук. 
Оның сөзінше, рейтингтің көтерілуі Қазақстан экономикасы мен оны дамыту стратегиясына халықаралық деңгейде бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда көбірек сенім білдіріліп отырғанын көрсетеді.
 
Экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, бюджет тұрақтылығын күшейтуге бағытталған шаралар енді Үкіметтің есептерінде ғана емес, халықаралық ұйымдар мен агенттіктердің сыртқы бағалауынан да көрініс тауып отыр. 
 
«Рейтингтің жоғарылауы – сенім авансы. Оның әрі қарай өсуі үшін экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Біз бұл жолдың әлі басындамыз. Қазақстан өзінің даму бағыты бойынша жоғары баға алды, енді экономикалық және саяси өзгерістерді жалғастыру маңызды. Сонда көрсеткіштер де әрі қарай өсе береді», – деп қорытындылады саясаттанушы.
Барлық жаңалық