S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге дейін көтерді. Қазақстан мұндай деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіп отыр. Сарапшы, аналитик Расул Рысмамбетовтің пікірінше, бұл – шетелдік инвесторлар үшін оң белгі әрі олардың Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанының көрсеткіші, деп жазады Ozgeris.info.
Айта кетейік, S&P 21 тамызда Қазақстанның ұзақ және қысқа мерзімді егеменді кредиттік рейтингтерін тиісінше «BBB/A-2» деңгейіне дейін көтерді. Ұзақ мерзімді рейтинг бойынша болжам – «тұрақты». Агенттік шешімге ел экономикасының тұрақты өсу перспективасы, экономиканы әртараптандыру және жинақталған елеулі сыртқы әрі фискалдық резервтер ықпал еткенін атап өтті.
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, рейтингтің жоғарылауы Қазақстан экономикасында сыртқы сын-қатерлерге төтеп беретін айтарлықтай қор бар екенін көрсетеді.
«Қазақстан рейтингінің BBB− деңгейінен BBB-ге көтерілуі – сыртқы инвесторлар үшін өте жағымды сигнал, олардың елімізге деген сенімінің артқанын білдіреді. Біз бұл деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет қайта оралдық. Мұндай рейтинг Қазақстанда айтарлықтай беріктік қоры бар екенін растайды. Атап айтқанда, валюталық және фискалдық резервтер жеткілікті, мемлекеттік қарыз салыстырмалы түрде төмен және сыртқы кредитор ретіндегі позициямыз тұрақты. Болашақта рейтингтің бұлай көтерілуі мемлекет үшін ғана емес, квазимемлекеттік компаниялар мен банктер үшін де сыртқы қарыз алу құнын төмендетуі мүмкін», – деді сарапшы.
Рысмамбетов «BBB» рейтингінің мемлекеттің өз міндеттемелерін уақытылы орындау қабілетін бағалайтынын атап өтті. Оның сөзінше, рейтингтің жақсаруы халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген көзқарасына да оң әсер етуі мүмкін.
«Біздің картадағы нүктеміз енді ашық жасыл емес, жасыл түспен жанды», – деді ол.
S&P бағалауынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 5,1%-ға өсуі мүмкін. Орта мерзімді перспективада да ел экономикасы мұнай экспорттаушы мемлекеттермен салыстырғанда жоғары өсім қарқынын сақтайды деп болжанып отыр.
Рейтингтің көтерілуіне әсер еткен факторлардың бірі – экономиканы әртараптандыру және ауқымды инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру. Соның ішінде шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар маңызды рөл атқарады. S&P «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларды қаржыландыру нәтижесінде алдағы уақытта инвестиция көлемі ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жетуі мүмкін екенін атап өткен.
Алайда Расул Рысмамбетовтің пікірінше, ендігі міндет инвестиция көлемін жай ғана арттырумен шектелмеуі керек. Қаражат бағытталатын жобаларды сапалы іріктеу, өнімділікті көтеру және экономикадағы жеке капиталдың рөлін күшейту маңызды.
«Рейтинг агенттігінің әдістемесі бойынша бұл біздің реформаларымыз экономиканың тұрақтылығына жақсы жағынан әсер еткенін білдіреді. S&P рейтингке берген түсіндірмесінде мұның бәрін сипаттап, растап отыр. Енді инвестиция көлемінің ЖІӨ-нің 30%-ына дейін өсуі жобаларды сапалы іріктеумен, өнімділіктің артуымен және жеке капитал үлесінің көбеюімен қатар жүруі маңызды», – деді аналитик.
Осылайша, тәуелсіз рейтингтің «BBB» деңгейіне көтерілуі Қазақстанның халықаралық қаржы нарығындағы позициясын нығайтып, сыртқы қаржыландырудың қолжетімді болуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен бірге бұл шешім елдің экономикалық тұрақтылығы мен жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімнің артқанын көрсетеді.
Расул Рысмамбетов 2025 жылғы сәуірден бері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі. 2026 жылғы тамыздан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Директорлар кеңесінің мүшесі.