Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы Адам Қадыровтың Грозный қаласында жол-көлік оқиғасына ұшырап, жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тарады деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Тараған мәліметке сәйкес, Адам Қадыров алдымен Грозныйдағы республикалық ауруханаға жеткізіліп, кейін Мәскеуге тасымалдауға дайындалған. Дереккөздердің айтуынша, науқас ауруханаға жеткізілген сәтте медициналық мекемеге апаратын жолдар уақытша жабылған. Ол кезде Қадыровтың есі жоқ күйде жансақтауда жатқаны айтылған.
Басылым келтірген ақпаратқа сәйкес, жол апаты кезінде кортеж жоғары жылдамдықпен қозғалған, ал көлікті Адам Қадыровтың өзі басқаруы мүмкін деген болжам бар. Апатқа бірнеше көліктің қатысқаны, сондай-ақ зардап шеккендер бар екені хабарланған. Алайда олардың нақты саны әзірге нақтыланбады.
Кейінірек «Кавказ.Реалии» дереккөзі Адам Қадыровтың есіне келгенін мәлімдеді. Сондай-ақ дәрігерлер оның қазіргі жағдайы өміріне қауіп төндірмейді деген ақпарат таратқан. Дегенмен, Шешенстан билігі бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ, сондықтан деректер бейресми ақпарат көздеріне сүйеніп жарияланып отыр.