Қызылордада көлік қағып кеткен әйел мен бес айлық сәби каратеден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың туыстары болып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Спортшының сөзінше, зардап шеккен әйел – туған ағасының жұбайы. Қайғылы оқиға 13 қазанда сағат 17:20 шамасында Шанхай шағын ауданындағы Күлтекенов көшесінде болған.
Мөлдір Жаңбырбайдың айтуынша, әйел сәбиімен бірге серуендеп жүргенде, бұрылыстағы көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, оларды жоғары жылдамдықпен қағып кеткен. Спортшы бұл аумақта тротуардың жоқтығын, сондықтан жаяу жүргіншілер жол жиегімен жүруге мәжбүр болғанын айтты.
«Бала ауруханада қайтыс болды. Жеңгемнің денесінде жарақат өте көп. Бұғанасынан бастап өкшесіне дейін сол жақ тұсы түгел сынған. Қан құйылу, терең шок, жағдайы өте ауыр», – деді ол.
Сондай-ақ спортшы жүргізушінің бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғанын және апат кезінде әйелінің көлігін басқарғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктінің жеке басы анықталғанымен, оқиғадан кейін бірнеше күн өтсе де, полиция оны әлі таппаған.
«Үшінші тәулік өтіп жатыр, ал полиция бір адамды таба алмай отыр. Ол 26 жаста, жеке басы анықталған. Әйелі, ата-анасы, мекенжайы – бәрі белгілі. Камералар бәрін түсіріп алған. Біз жүргізуші жазадан құтылып кете ме деп қорқамыз. Әділдікке қол жеткізгіміз келеді», – деді Мөлдір Жаңбырбай.