Қызылорда облысында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Оқиға 2 ақпан күні сағат 13.45 шамасында Сырдария ауданының Шаған ауылы тұсындағы Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент тас жолында тіркелді.
Тереңөзек кентінен Ақжарма ауылына қарай бағыт алған газбен жүретін «Audi 80» автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан Шекара қызметі департаментіне тиесілі «Урал» қызметтік көлігімен соқтығысқан. «Урал» көлігінде жүргізушіні қоса алғанда 23 әскери қызметкер болған. Соқтығыс салдарынан «Audi» автокөлігі өртеніп, 20 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
— Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Кісі өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы орайда полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол ережесін сақтауға шақырды.