Қызылорда қаласында аттракционнан ауыр жарақат алған 18 жастағы қызметкердің жағдайы әлі де аса ауыр. Дәрігерлердің мәліметінше, көп мөлшерде қан жоғалтқан жігіт қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы ozgeris.info сайты 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Алдын ала деректерге сәйкес, зардап шеккен азамат саябақта аттракцион операторы болып жұмыс істеген. Ол америкалық ойын құрылғысында отырған баланы тыныштандыру үшін барған кезде, іске қосылып тұрған аттракцион қозғалып кеткен. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері мен мән-жайларын полиция анықтап жатыр.
“18 жастағы қызметкер америкалық ойын құрылғысында жылап отырған бүлдіршінді жұбатпақ болған. Осылайша, басын бәйгеге тіккен”, – дейді куәгерлер.
Саябақ әкімшілігінің мәліметінше, жас қызметкер құрылғылар жұмыс істеп тұрған кезде қауіпті аймаққа кіріп кеткен. Соның салдарынан вагон оның аяқтарын жаншып өткен. Оқиғадан кейін аттракциондар орналасқан аумақтың жұмысы толық тоқтатылған.
“Сол уақытта жедел отаға алынды. Сол жақ сан бөлігінен үштен бір деңгейіндегі ампутациясы, аяқтың тобық деңгейіндегі ампутация жасалды. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Соған байланысты жансақтау бөлімінде”, – дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Жаұлан Баймаханов.
Демалыс орнының өкілдері аттракциондардың жақында ғана әкелінгенін және техникалық ақаулар анықталмағанын айтты. Сонымен қатар қызметкерлерге қауіпсіздік талаптары толық түсіндірілгенін жеткізді.
“Біздің қызметкеріміз оператор жігіт сол аттракцион тұрған қоршаудың ішіне кірген. Оның не себепті кіргенін біз әлі анықтаған жоқпыз. Оны тексеру органдары анықтайды. Техникалық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес ол қосылып тұрған кезде ол аттракционның ішіне кіруіне қатаң тыйым салынған”, – дейді "Сыр самалы" ЖШС директорының орынбасары Ғани Тұрсекеев.
Қазір аталған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізуде.
"Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір аталған іс аясында болған оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының басшысы Әділ Анарбаев.
Айта кетейік, жазғы демалыс кезінде саябақта еңбек етіп жүрген жас жігіт биыл медициналық колледждің үшінші курс студенті болған. Қазіргі уақытта ауруханада ауыр жағдайда жатқан ұлдарының амандығын тілеп отырған ата-анасы әзірге қандай да бір пікір беруден бас тартқан.