Қызылорда облысында кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін екі жыл бойы қорлады деген күдікпен көгалдағы хоккей жаттықтырушысы қамауға алынды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, 38 жастағы бапкер 2024 жылы Талдықорғанда өткен жарыс кезінде 14 жастағы тәрбиеленушісіне жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Күдікке ілінген ер адам қызға шай беріп, оған ұйықтататын дәрі қосқан. Жасөспірім есін жоғалтқаннан кейін зорлыққа ұшырағанын айтқан.
«Ас үйде телефон қарап отырған кезімде жаттықтырушым маған жартылай ішілген шай әкеліп берді. Ойымда ешқандай арам нәрсе жоқ, сол шайды іштім. Әрі қарай есімді білмеймін. Ұйықтап қалғанымды, қай жерде жатқанымды, еш нәрсені білмеймін. Таңғы сағат 5-6 шамасында оянған кезде төменгі іш киімімнің барлығы қан болып тұрды. Жаттықтырушымның қасымда жатқанын көріп, шошып кеттім, сол жерде шок болып қалдым. Ол кісіні оятып, «Маған не істедіңіз?» деп сұраған кезімде, ол: «Не түсініп тұрсың, сол» деді», – дейді жәбірленуші.
Бұдан соң күдікті қызды видеомен қорқытып, болған жағдайды ата-анасына көрсететінін айтып, өзіне бағындырған. Жәбірленуші бұл туралы екі жылдан кейін ғана туыстарына айта алған.
Қыздың отбасы күдіктімен кездескеннен кейін оның ағасы қамауға алынып, анасы үйқамаққа алынған. Жәбірленушінің әпкесі туыстарына қатысты істі әділетсіз деп санайды.
Қазір қылмыстық істі Қызылорда облысының полициясы тергеп жатыр. Жаттықтырушы мен оның іске қатысы бар делінген танысы қамауға алынған. Тергеу аяқталып, күдіктілер іс материалдарымен танысып жатыр.
Жәбірленуші тарап істің тезірек сотқа жолдануын талап етуде.