Астанада аялдамадан жұмыс орнына дейін бейтаныс әйелді аңдып, телефон нөмірін талап етіп, бөксесін ұстаған ер адам 10 тәулікке қамалды, деп жазады Ozgeris.info сайты.
Сот шешімі 16 қазанда шықты. Ер адамның әрекеті ұсақ бұзақылық деп танылды. Сот отырысында ол кінәсін мойындаған. Жаза тағайындау кезінде сот оның мас болғанын, әйелді ұзақ уақыт аңдығанын және жеке басына қол сұққанын ескерген.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада бойжеткен өзіне бейтаныс ер адамның ғимарат алдында бөксесінен ұстағанын айтып шағымданған болатын. Ол қорыққаннан ғимаратқа кіре сала жылап қалған. Абыржыған қыз полициядан көмек сұрағанымен, тәртіп сақшылары бейнекамера таспасынан ештеңе байқамағандарын айтып, қауіп төніп тұрмағанын алға тартқан.