Жаңалықтар

«Қыздарым сонша не істеп қойды»: Қос перзентінен айырылған әке еңкілдеп жылады

«Қыздарым сонша не істеп қойды»: Қос перзентінен айырылған әке еңкілдеп жылады

БАӘ-нің Шарджа қаласында қаза тапқан апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың денесі әлі күнге дейін Қазақстанға жеткізілген жоқ, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Марқұмдардың туыстарының сөзінше, қыздар Шарджаға жұмыс істеу мақсатында барған. 18 тамызда олардан соңғы рет хабар келгеннен кейін байланыс үзілген. Кейінірек апалы-сіңлілінің денесі жалдамалы пәтерден табылған. Алайда олардың нақты неден және қандай жағдайда көз жұмғаны туралы ресми ақпарат әлі жарияланбады.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы Сыртқы істер министрлігі тарапынан тиісті көмек көрсетіліп, нақты ақпарат берілмегеніне наразылық білдірді. Туыстарының айтуынша, осы уақытқа дейін «бір адам хабарласып, көмек қолын созбаған».

Ал Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың жақындарымен тұрақты байланыста екенін және қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп жатқанын мәлімдеді.

Қазір қыздардың әкесі туыстық байланысты растауға арналған сараптамадан өту үшін Шарджаға баруға дайындалып жатыр. Осы рәсім аяқталғаннан кейін ғана марқұмдардың денесін елге жеткізу мәселесі шешілмек.

Отбасы мемлекеттік органдардан қажетті рәсімдерді созбалаңға салмай, қыздарының денесін Қазақстанға жеткізуге нақты көмек көрсетуді талап етіп отыр.

Барлық жаңалық