Қоғам

Қыз алып қашқандар 8 млн айыппұл төлейді

2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылды. Бұл өзгерістер «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы енгізілді, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа норма Қылмыстық кодекстің 125-1-бабында көрсетілген. Енді қызды алып қашып, некеге күштеп мәжбүрлегендерге айыппұл салынып, бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылады. Бұрынғы заңнамада адамды ұрлап әкетіп, кейін еркімен жіберген жағдайда жауапкершілік қарастырылмайтын.

Заңға сәйкес, некеге тұруға мәжбүрлеу үшін: күш қолдану, мүлікті бүлдіремін деп қорқыту, бопсалау, абыройға нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қысым жасау сияқты әрекеттердің бәрі қылмыс саналады.

Жаза түрлері:
    •    Қарапайым жағдайда – 2 мың АЕК (шамамен 7,8 млн теңге) айыппұл, түзеу жұмыстары немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру.
    •    Егер қылмыс кәмелетке толмағанға қатысты жасалса, күш қолданылса, топ болып жасалса немесе қызмет бабын пайдаланып жасалса – 5 мың АЕК (19,6 млн теңге) айыппұл, қоғамдық жұмыстар, не үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы қолданылады.

Бұл өзгерістер Мәжіліс депутаттарының бастамасымен қабылданды. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, заң қазақтың «қыз алып қашу» салтын толықтай жоймайды, тек мәжбүрлі түрде некеге отырғызған жағдайды қылмыс деп таниды. Егер қыздың еркіне қарсы әрекет жасалса және ол зардап шексе, қатаң жаза беріледі.

Президент заңға 2025 жылдың 16 шілдесінде қол қойған еді. Енді ол ресми түрде күшіне енді.

Барлық жаңалық